Поиск

«Әл-Фараби» ғылыми-технологиялық алқабын құру жөніндегі инвестициялық жоба қолға алынды


ҚазҰУ ІТ инновациялық және медико-биологиялық кластерлерді қамтитын «Әл-Фараби» ғылыми-технологиялық алқабын (ҒТА) құру жөніндегі ірі инвестициялық жобаны іске асыруға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түркиялық «Görkem Co.» компаниясымен IT-технологиялар, инновациялар мен медицина саласындағы зерттеулерді дамыту және жоғары білікті мамандарды даярлау үшін қажетті объектілер құрылысын бастау туралы ұзақ мерзімді инвестициялық келісімге қол қойды. Тараптар келісімді кезең-кезеңімен іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Инвестицияның жалпы сомасы 1 млрд АҚШ доллары.


Бүгінде әлемнің жетекші университеттері адами капиталды қалыптастыра отырып, инновациялық экономиканың өсу нүктесі ретінде өз елдері мен тұтас өңірлердің дамуын айқындауда. Дамыған елдердің озық тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мұндай технологиялық алқаптар ғылым, білім және инновациялық өндірістің үштұғырлығы негізінде ірі университеттер базасында қалыптасады.


ҚазҰУ мақсатты түрде әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айнала отырып «Әл-Фараби» ғылыми-технологиялық алқабын құру бастамасын алға тартты. Жоба Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауына ие болды. Әлемнің 150-ден астам жетекші жоғары оқу орындарының басын қосатын «Жаңа Жібек жолы университеттерінің альянсы» халықаралық IT-кластерін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның өзегін «Silicon Valley» моделіндегі IT-технопарк және ҚХР үкіметінің гранты бойынша ҚазҰУ-ға ұсынылатын суперкомпьютер құрайды. Бұл туралы келісімге Президенті Қ.Тоқаевтың Қытайға сапары барысында қол жеткізілді.


Сондай-ақ, ҒТА құрамына инновациялық және медико-биологиялық кластерлер кіреді. Ғылыми-зерттеу зертханасы бар 500 орындық көпсалалы клиника салынады. Медико-биологиялық кластерді құру әлемдік деңгейде медициналық қызметтер көрсетуге, заманауи технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, сонымен бірге Оңтүстік Корея, Канада, Түркия және АҚШ медицинасындағы менеджменттің озық тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді.


«Ірі инвестициялық жобаны іске асыру үшін біз ҚазҰУ-ды кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Біз сенімді әрі болашағы зор серіктес табу мақсатында қазақстандық білім беру нарығын мұқият зерттедік. Ғаламдық рейтингіде 165 орынға ие Түркі және Ислам әлемінің үздік университетімен ынтымақтастық халықаралық деңгейдегі жобаны жүзеге асыруда жаңа мүмкіндік ашып, достас елдеріміздің қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді», – деді кездесу барысында «Görkem Co.» компаниясының бас директоры Осман Мимарсинаноғлу.


Шартқа сәйкес инвестор объектілерді салып, оларды қажетті жабдықтармен жабдықтайды және мемлекеттік меншікке тапсырады. Шығындарды өтеу бірлескен операциялық қызмет есебінен жүзеге асырылады. Биыл жылы инвестициялық жобаның бірінші кезеңін іске асыруды бастау жоспарланып отыр.



© 1999-2021  Редакция республиканского журнала "Современное образование"

новости образования | .kz news | новости | образование в Казахстане | новости | сегодня | bilim | kz | эксперт

вуз | университет | академия | институт | колледж | школа | частная школа | студент | ученик | школьник | учитель | преподаватель

конференция | форум | выставка образования | центр | музыкальная | художественная | абитуриент | student | shchool 

university | выставка вузы | день открытых дверей | талапкер - 2021 | талапкер | information | МОН РК - новости |

Министерство образования - актуальные новости | Казахстан | Новости образования РК сегодня | абитуриент - 2021

obrazovanie.kz 

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon