Алматы облысында балаларға арналған оңалту орталығы ашылады
Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығын Алматы облысы Жамбыл ауданында ашу жоспарлануда. Жобаны ҚР Тұңғыш Президенті қоры «Қамқорлық» бағдарламасы аясында жүзеге асыруда, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының баспасөз қызметі.

Орталықтар мен инклюзивті білім беру сыныптары үшін қажетті нысандарды анықтау мақсатында Елбасы қорының қызметкерлері Алматы облысының төрт ауруханасы мен мектептерін аралады. Сондай-ақ Елбасы қорының өкілдері Ұзынағаш ауылында салынып жатқан аурухана құрылысымен танысты. Бұл жерде жақын маңдағы бірнеше ауылдың тұрғындарына қызмет көрсетілмек. Орталық жылына тірек-қимыл аппараты, орталық жүйке жүйесі бұзылған және дамуында өзге де ерекшеліктері бар 600 баланы тегін қабылдайтын болады.
Атап өтерлігі, инклюзивті көмекке арналған осындай орталықтар мен сыныптар ҚР Тұңғыш Президенті Қорының қолдауымен еліміздің сегіз аймағында ашылатын болады.
