Елімізде жекеменшік мектептер саны көбеймек
Елімізде мемлекет тарапынан ғана емес жекеменшік мектептер де салу жоспарланып отыр. Елді мекендерде мектеп ашу бюджет қаражатынан жүргізілсе, үлкен қалаларда инвесторлар қаржысына білім беру ұйымы салынады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Бізде үш ауысымды 128 мектеп бар. Биылдың өзінде жаңадан мектептер ашылды. Сол сияқты 150-ден астам оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Енді алдымызда мемлекет тарапынан ғана емес жекеменшік мектептерді де салу жоспарланып отыр. Елді мекендерде мектеп ашу бюджет қаражатынан жүргізілсе, үлкен қалаларда жекеменшік мектептерді дамыту қажет. Жоспарымызға сәйкес 2019 жылдың соңына дейін Қазақстан бойынша 50 жекеменшік мектеп іске қосылады», – деді Асхат Аймағамбет. Ол сөз арасында балабақшалар мәселесі жекеменшік-әріптестікті дамыту негізінде шешілгенін айтып өтті. Соның нәтижесінде Қазақстан бойынша бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету 95,2 пайызды құрайтынын жеткізді. «Жекеменшік мектептерді салып, бизнесті де неғұрлым көбірек тартсақ, бұл проблеманы тездетіп шешеміз», – деді Білім және ғылым министрі.
