top of page
Поиск

Отбасы құндылықтары туралы қазақ тіліндегі әдебиет тапшы


Отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған қазақ тіліндегі әдебиет тапшы. И.А.Крылов атындағы кітапхана қорында өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бергі аралықта орыс тілді кітаптардың 30 шақтысы сақталса, қазақ тіліндегі кітаптар саусақпен санарлық, дейді кітапхана қызметкерлері.

Бұл туралы олар кітапханада өткен «Отбасы» күніне орай «Отбасым-бақыт мекенім» тақырыбында ақпараттық сағат барысында атап өтті.

Отбасы құндылықтарын дәріптеуге байланысты қазақ тіліндегі әдебиет тапшы болғанымен, кітапхана қорында сақталған классиктеріміз М.Әуезов, Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, М.Мақатаев, М.Қабанбай, сондай-ақ Ш.Күмісбайұлының балаларға арналған шығармаларына сұраныс жоғары. Кітапхана оқырмандары сонымен қатар әлемдік әдебиет өкілдерінің де кітаптарына қызығушылық танытып, үйге жаздырып оқуды дәстүрге айналдырған.

-Бұл кітапханамызда өтетін бір ғана шара емес. Кітапхана қызметкерлері отбасындағы тәрбие, ұлтымыздың салтына қатысты оқыту сағаттарын тұрақты өткізіп тұрады. Оның барысында балаларды да, ата-аналарды да кітап оқуға баулу, отбасындағы қарым-қатынас, сыйластық пен қамқорлық сияқты ізгі қасиеттердің маңызы туралы кеңінен әңгімеленеді. Осы бағытта еліміз қайраткерлерінің, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқып отыру дәстүрге айналған»,- дейді қалалық балалар кітапханасының қызметкері Гүлмира Есниязова.

Аталған шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, сондай-ақ қаладағы №69,81,93 мектептерінің оқушылары мен ата-аналары арнайы шақырылып, отбасы құндылықтарының маңызы туралы пікір алмасқан ерекше кездесу болды.

bottom of page