Арал ауданындағы кейбір мектепте оқушылар ыстық тамақпен қамтылмаған

Қызылорда облысында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұл шамамен 27 мыңдай мектеп оқушысы. Игі бастама жалпыға міндетті оқу қорының қолдауымен жүзеге асып отыр. Алайда өңірдегі 296 жалпы білім беру мектептерінің 12-де тегін ас мәзірі ұйымдастырылмапты.
Қызылорда қаласындағы №140 мектепте оқушыларды тамақтандыру бойынша мәселе туындамайды. Мектеп асханасына күніне 125 оқушы келеді. Оқу орнының басшылығы тамақ сапасы басты назарда екенін айтады.
Бақытжан Жақсылық, №140 мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары:
- Биылғы 2019-2020 оқу жылында мектебімізде 1 156 оқушы білім алуда. Қыркүйектен бастап 110 білім алушы, әлеуметтік аз қамтылған оқушылар және мектеп асханасының арендаторлары есебінен 15 оқушы жеңілдетілген тағаммен қамтылып отыр. Арнайы мониторингтік топ құрылған. Оның құрамында жоғарыда аталған оқушылардың ата-аналары бар. Осы кісілер күнделікті ас мәзірін, тазалығын және дайын астың сақталу мерзімін күнделікті тексеріп отырады.
Облыстық білім беру басқармасының мамандары бүгінгі таңда ыстық тамақпен 12 мектептің оқушылары қамтамасыз етілмегенін айтады. Ол Арал және Шиелі аудандарының білім ошақтары. Ал мектеп асханаларындағы тазалық нормалары мен эпидемияға қарсы шараларды тексеру Ұлттық сараптамалық орталықтың құзырында.
Фарида Қалиева, «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының директоры:
- 2019 жылы 113 мектеп бізбен келісімшартқа отырды. Оның ішінде біз микробиологиялық зерттеуге және санитарлық-химиялық зерттеуге жұмыс жүргізілді. Микробиологиялық зерттеуге 1,2,3-тағамдар алынады. Енді барлық хаттамалармен жұмыс істеп, сараптама жүргізіп, зерттеу хаттамаларды департаментке ұсынамыз.
Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өткен жылы 239 мектептің асханаларына тексеру жүргізген.
Олардың бәрін жеке кәсіпкерлер жалға алыпты. Санитарлық тадаптарды өрескел бұзғандарға қатысты тиісті шаралар қолданылыпты.
Алмаш Шуақбаева, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің бөлім басшысы:
- Жалпы осы тексерулер қорытындысымен 189 айыппұл көрілді. 5 млн 908 500 теңге өндірілді. 7 материал ауданаралық экономикалық сотқа жолданды. Оның төртеуі Жаңақорған ауданындағы 4 мектеп: №50, №160,№167,№213 мектеп асханалары 1-2 ай мерзімге уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар 3 асхана қызметкері уақытша қызметінен шеттетілді. Бүгінгі таңда өңірдегі барлық мектептердің асханаларын кәсіпкерлер жалға алған. Шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған үш жылдық мораторийдің оларға қатысы жоқ. Сондықтан көрсетілетін қызметтің сапасы мен ереже бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мектеп асханалары тексеруден өтіп жатыр.
Ақпарат көзі: 24.kz