Поиск

Оқулықтағы қателер үшін корректорлардың жауапкершілігін арттыру ұсынылды



Мектеп оқулықтарына кездесетін қателіктерді болдырмау жолында корректорлардың жауапкершілігін арттыру мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Корректорлар оқулықта қате кетпеуін қадағалағаны үшін еңбекақы алады. Яғни, кітаптың сауатты шығуына жауапты және олардың аты-жөні көрсетіліп тұрады. Бүгінде жаңа шыққан кітапты қабылдаудың 9 критерийі бар. Соның бірі оқулықта қате жазылған және басылған сөздердің кездесуі. Оған ең жоғары 4 балл беріледі, 10 қатеге дейін 3 балл, 20 қатеге дейін 1 балл ал одан қате көп болса 0 балл. Ендігі менің ұсынысым дәл осы критериді корректорлардың жұмысын бағалау кезінде де пайдаланса», - деді Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов.


Оның айтуынша, корректорлардың еңбек келісімшартына өзгеріс енгізу керек.


«Егер корректор оқулықта қате жіберсе, жіберген қатесінің көлеміне қарай оның еңбекақысынан ұстау қажет. Бұл корректорларды жазалау деген сөз емес, керісінше олардың жауапкершілігін арттыру. Себебі оқулықта кететін қателіктерге министрлік те, баспа орталығы да емес оның сауаттылығын тексеретін корректор маманы жауапты. Мысалы, энциклопедиялық туындылардың тілі ауыр, бірақ оларда қате болмайды. Өйткені, онда корректорлармен қатар сарапшы мамандар бар, олар бастан аяқ қарап тексереді және сол үшін еңбекақы алады. Сонда ғана сауатты оқулық процесі дұрыс жолға қойылады», - деді ол.


Айта кетейік, бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде оқулықтардың сапасы мен мазмұны мәселелеріне арналған жиын өтті. Онда министр А. Аймағамбетов мектеп оқулықтарын әзірлеуде бірыңғай талап енгізілгенін мәлім етті.