Поиск

2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары жеке үлгідегі дипломдар береді


ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов елімізде диплом беруде қандай өзгеріс болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«ЖОО-ларға академиялық дербестік бекітілген, яғни оқу орындары дербес түрде өздерінің академиялық бағдарламасын әзірлеп, дипломдарын береді. Қазіргі кезде жоғары оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламасын айтырлықтай жылдам аша алады», - деді М. Дәуленов Орталық коммуникациялар қызметінде.


Оның айтуынша, ең басты талап ретінде бұл бағдарлама жұмыс берушілер сұранысына жауап беріп, білім сапасына сәйкес келуі керек.


«2021 жылдан бастап ЖОО-лар жеке үлгісі бойынша диплом беретін болады. Бұл өз кезегінде академиялық дербестікті кеңейтуде үлкен қадам болып отыр. Осыған байланысты оқу орындары өз еркімен мұндай дипломның форматын, сондай-ақ оны табыстау жүйесін айқындайды», - деді вице-министр.


Еске салсақ, бұған дейін Білім министрі 2021 жылдан бастап дипломдар қалай берілетінін түсіндірген болатын.


Автор: Руслан Ғаббасов



#ЖОО-лар #ҚР Білім және ғылым министрлігі