главная

Ғылым мен өндіріс арасындағы алтын көпір- Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 85 жыл

 

      Азық-түлік кауіпсіздігін қамтамасыз ету – Елбасы баса айтып жүрген  бағыттардың бірі. Аграрлық өнеркәсіп кешенін дамытып, оны ғылыммен ұштастырмай аталған  бағытты ілгерілету мүмкін емес. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі іргелі оқу орындарын тұтас кластерге біріктіріп отыр. Мұндай кластер ғылым мен білімді өндіріске жуықтатып,  зияткерлік меншік пен инновациялық технологиялардың өнімін коммерциялауға жол ашу,  аграрлық салаға білікті мамандар даярлау сынды кешенді мәселелерді шешпек.

     Аталған мәселе жуықта Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы ғылым мен білімнің басым бағыттарының жаңа стартегиясы»  атты тақырыппен өткен ғылыми-тәжірибелік конферецияда кеңінен талқыланды.  Конференция іргелі оқу орынының 85-жылдық мерейтойына орай өткізілді. Шара барысында Қазақ ұлттық аграрлық университетін мерейтойымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, аграрлық оқу орындарын біріктіретін жаһандық консорциум мүшелері, еліміздегі елішілік пен консулдық қызмет өкілдері, сондай-ақ, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдары құттықтады.

  Ауылшаруашылық мамандарының ұстаханасы атанған қара шаңырақтың мерейлі тойына орай  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та құттықтау хат жолдап, университет ұжымына табыс тіледі.

 «Қазақ ұлттық аграрлық университеті еліміздегі  ауылшаруашылығы өндірісіне арнап білікті мамандар даярлайтын іргелі оқу орыны. Осы жылдар ішінде  оны мыңдаған түлектер бітіріп шығып, отанымыздың агроөнеркәсіп саласаның өсіп өркендеуіне өз үлесін қосты. Бүгінгі күні университет ұжымы өз жұмысын заман талабына сай ұйымдастырып келеді. Студенттерге сапалы білім беріп, ғылыми зерттеулердің нәтижесін арттыруда инновациялық ізденістер тантытуда» делінген Елбасының  құттықтау хатында.

 Мерекелік жиын мен конференция барысында оқу орынының базасында Ұлттық зерттеу университетін құру мәселесіне ерекше назар аударылып, оның мүмкіндіктері тілге тиек етілді.

  Университет  2010 жылдан бері шетелдік тәжірибе және жобалық басқарудың халықаралық стандарттары негізінде трансформациялану бағытында жұмыс істеп келеді. Оқу орынының ректоры Тілектес Есполовтың айтуынша, траснформацияланудың негізгі мақсаты - ғылым мен білімді өндіріске жуықтату. Осы орайда жоғары оқу орындары ғылым мен білім үдерістерін кәсіпкерлік ортамен байланыстырушы негізгі интегратор болуы керек.

  • Университет трансформациялану үдерісіне байланысты тәжірибелік көмек пен сараптамалық тұжырым беретін  әлемнің 103 жоғары оқу орыны және ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз әріптестік орнатты. Олар да өз кезегінде біздің жұмыстарымыздың нәтижесін бағалап, сараптамалық кеңестерін беріп отырады ,-дейді Тілектес Есполов.

 Үш күнге созылатын конференция барысында еліміздің және шетелдің сарапшы мамандары оқу орынының Ұлттық зерттеу университетіне транформациялану моделін талқылаумен қатар, арнайы тұжырымдама жасап, қорытынды шығаратын болады. Сондай-ақ, шара аясында инновациялық орталық ашу жоспарланған. Конференция қортындысы бойынша инновациялық технологияларды енгізу арқылы еліміздің агроөнеркәсіп кешенін  одан әрі дамытуға, аграрлық сектордың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге  мүмкіндік беретін Қаулы қабылданады.

  • Аграрлық университеттің жетістіктері өте жоғары, оқу орынының материалдық-техникалық базасын нығайтуға университет басшысы көп көңіл бөліп отыр. Заманауи құрылғылармен жабдықталған зертханалар студенттердің теориялық біліммен қатар, тәжірибе алуларына да  мүмкіндік туғызады.  Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне қажетті жаңа мамандар даярлауға да назар аударылған, - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өз сөзінде.

    Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылы Үкімет қаулысымен  аграрлық саладағы жетекші үш жоғары оқу орыны, атап айтар болсақ, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық  және Қазақ ұлттық аграрлық университеттері Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтті. Алдағы уақытта аталмыш үш оқу орыны жаңадан құрылған «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы» аясында бірлесіп жұмыс атқаратын болады. Орталық құрамында үш университетпен қатар, 23 ғылыми зерттеу институты, 14 тәжірибелік станция,  білімді коммерцияландыру және тарату орталығы бар. Аталмыш интеграция ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары мен бизнестің арасындағы әріптестікті кенейтудің тиімді құралы болмақ.

Осы оқу орындарының негізінде еліміздің үш аймағында кластерлер құрылып жатыр. Сол арқылы аймақтарды дамытудың өзекті мәселелерін жедел шешуге, ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік туады.

  • Еліміздің индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына қажетті мамандар дайындайтын он жоғары оқу орынының ішінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті көш бастап келеді. Интеграция оның жұмысының негізігі идеясы.Соңғы жылдары  бұл идея одан да жоғары дәрежеде іске асып жатыр. Орталықтың негізгі бастамашысы болған да осы қара шаңырақ,-деп Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев оқу орынына оң бағасын берді.

Мерекелік шара барысында университеттің бірқатар мамандары құрмет грамоталарымен марапатталып, ғылыми атақтарға ие болды. Салтанатты жиын  республика сарайында өткен «Білімді жастар – Ұлы дала елінің тірегі» атты Тұңғыш Президент күніне арналған жастар фестиваліне ұласты.

Анықтама үшін: 1929 жылы шаңырақ көтерген Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты мен 1930 жылы ашылған Қазақ ауыл шаруашылық институты негізінде 1996 жылы сәуірде құрылды. 2001 жылы 11 шілдеде оған Ұлттық мәртебе берілді. Осы жылдар ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылардың саны артып,  ғылыми мектептер құрылды, оқытушылардың біліктілігі жоғарылады, ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайды, жаңадан зертханалар ашылып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы қарқынды дамыды.Университеттегі сапаның артқанының дәлелі ретінде мемлекеттік аттестация және халықаралық, ұлттық институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан сәтті өтуін айтуға болады. Ағымдағы жылы QS World University Rankings Дамыған Еуропа мен Орталық Азияның 308 университеттері арасынан 67 орынға тұрақтады.

 

 

 

Please reload

© 1999-2019  Редакция республиканского журнала "Современное образование"

МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon