главная

Маңғыстау облысында ҚХА-ның волонтерлер орталығы ашылды

 

Маңғыстау облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлер орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

 

Енді аймақтағы 21 этномәдени бірлестік ерікті түрде қоғамға қызмет етпек. Достық үйінде орналасқан орталықта бірнеше кабинет жұмыс істеп тұр. Мұнда бірлік, білім, тәрбие және келісім бағыттарына басымдық беріледі.

 

Волонтерлық қызметке Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше жастармен қатар, орта жастағылар да, зейнеткерлер де жұмылдырылады. Мәселен, «Аналар кеңесі» қыз-келіншектерге, жалғызбасты, көпбалалы аналарға қолдау көрсетіп, тәрбие мәселесімен айналысады. Ал медиация кабинетінде дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей, ушықтырмай шешуге күш салынады. Заңгер, психолог сынды арнайы мамандардың кеңесі беріледі.

 

Гүлжан Исмурзина, облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі:

– Волонтерлер орталығындағы барлық көмек тегін көрсетіледі. Кез келген тұрғын бізге хабарласып, кеңес алуларына болады. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұрыннан-ақ аймақтағы қайырымдылық шараларға белсене араласып жүр. Биыл да сол бағыттағы жұмыстарды жалғастырады. Жергілікті оқу орындарымен келісім жасадық. Бар істі біздің үлкендеріміз студенттермен бірлесе атқарады.

 

Достық үйінде орналасқан волонтерлық орталық аймақтағы барлық еріктілер қозғалысының жұмысын үйлестірмек. Ақтау қаласының тұрғыны Иман Досмұхамбетов бірнеше жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін массаж жасап келеді. Сырқат балаларды кез келген уақытта қабылдауға дайын. Ол «Біз адамдармыз – біз біргеміз» қорының негізін қалаушы. Бірлестік мүгедек балалармен бірге аз қамтылған отбасыларға және қарияларға қамқорлық танытып, қайырымдылық шараларын өткізіп жүр.

 

Иман Досмұхамбетов, волонтерлық топтың жетекшісі:

– Волонтерлық қызмет – адамды мейірімді, жанашыр болуға тәрбиелейді. Мұқтаж жандарға көмек қолын соза алатын кез келген адам ерікті бола алады. Біз биыл көшеде жүрген тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарға қолдау көрсетуге күш салып жатырмыз. Апта сайын оларға ыстық тамақ ұйымдастырамыз. Ал алдағы айда олар үшін орталық ашқымыз келеді. Онда адам жұмысқа тұрып, қалыпты өмір сүріп кеткенінше, 5-6 ай тұратын болады.

 

Волонтерлық орталық алдағы уақытта әлеуметтік бастамалар мен жобаларды жүзеге асырудың бірыңғай алаңына айналады. Мұнда жастар үшін тегін сабақтар ұйымдастырылмақ. Тілдерді оқыту, бизнес-тренингтер мен цифрлық сауаттылықты арттыру курстары жүргізіледі. Жоғары оқу орындарына түсуге ынталы талапкерлерге де көмек көрсетіледі. 
 

Please reload

© 1999-2020  Редакция республиканского журнала "Современное образование"

МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon