главная

«Болашақ» стипендиясын тағайындаудың жаңа қағидалары жарияланды

ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Болашақ» мемлекеттік стипендиясының жаңа талаптарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Ұйымның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеу қағидалары өзгертіледі және бағдарлама модернизацияланды.

 

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ жүргізген мониторинг нәтижелері мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бойынша, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау қағидаларына бірқатар өзгеріс әзірленді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне өзгеріс енгізілді. Олар ең алдымен ашықтықты арттыруға, барлық үміткерлер үшін тең мүмкіндіктер жасауға, іріктеудің объективтілігін күшейтуге және бюрократиялық кедергілер мен бұрынғы мәселелерді шешуге бағытталған», - деп хабарлады «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі.

 

1. Басым мамандықтардың жаңа тізімі

Стипендия алуға болатын басым мамандықтар тізімі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орташа болжамын ескере отырып, қайта құрылады. Оны жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары мен талдау негізінде жасайды. Бұл Қазақстан Республикасының кәсіпорындары мен ұйымдарына қажет жоғары білікті кадрларды даярлауға көмектеседі.

 

2. Халықаралық стипендия үміткерлеріне арналған квоталық санаттар қысқартылды

Стипендия үміткерлерінің барлығына мүмкіндік бірдей беріледі. Үміткерлердің барлық жеңілдік квота санаттары алынып тасталады. Барлық үміткерлер шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетімен түсуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа Қағидаларда ауылдық жерден шыққан үміткерлерді қоспағанда, бұрын ұсынылған алдын ала тілдік дайындық курстары алып тасталды.

 

3. Халықаралық стипендия үміткерлеріне қойылатын мемлекеттік және шет тілдерін білу талаптарын арттыру

Жаңа Қағидалар бойынша іріктеу турлары аясында тіл білу деңгейін тексеру алып тасталған. Үміткерлер дербес тест тапсырулары керек және құжаттарды тапсыру кезінде мемлекеттік (KazTEST В1) және шет тілінен (кемінде IELTS 6.5) сертификат ұсынулары тиіс.

 

4. Халықаралық стипендия тағайындауға арналған барлық үміткерлер үшін конкурстық іріктеу турларының санын қысқарту

Конкурстық іріктеу кезіндегі 6 турдың орнына жалпы 3 тур болады. Уәждемелік және ұсыныс хаттарын бағалау, сондай-ақ мемлекеттік және шет тілдерін білу деңгейін анықтау бойынша іріктеу турлары қысқарады. Іріктеу турларында зияткерлік және эмоционалдық IQ деңгейін анықтауға арналған кешенді тестілеу, тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның үміткерлерді қарастыруы қамтылады.

 

5. Тәуелсіз сараптамалық комиссияның жұмысы

Тәуелсіз сараптамалық комиссияның (ТСК) құрамына қойылатын талап күшейтіледі, енді комиссия құрамындағы 3 адамның орнына кемінде 5 адам шешім қабылдайды. Үміткерлерді іріктеудің бүкіл процесі және барлық комиссия отырыстары онлайн таратылады. Өз жұмысының барысында комиссияның қоя алатын барлық сұрақтары, оның ішінде қосымша сұрақтары да нақты регламенттеледі.

 

6. Құжаттарды қабылдау мен конкурстық іріктеу рәсімін автоматтандыру Электрондық үкіметтің веб-порталында үміткердің жеке кабинеті арқылы үміткерлердің құжаттарын қабылдау процесі толықтай автоматтандырылды. Қазіргі таңда адами фактордың қатысуын азайту мақсатында конкурстық іріктеу кезеңдерінің автоматтандырылуын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда, бүкіл іріктеу процесі Президенттік кадрлық резервке іріктеу үлгісі бойынша цифрлық платформаны пайдалану арқылы жүргізіледі. Орталық сонымен бірге қадамдық нұсқаулықтар әзірлейді және регламенттеуші құжаттарға сәйкес конкурстық іріктеуге қатысатын қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтеді.

 

7. Әкімшіні сапалы қайта жүктеу 2019 жылғы қыркүйектен бастап бағдарлама әкімшісінің жұмысында өзгерістер болып жатыр:

Орталықтың Директорлар кеңесі 4 тәуелсіз директорды қосу арқылы күшейтілді, бейіндік бөлімшелерге кәсіби кадрлар қабылданды, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері бар, шетелдегі өкілдіктер саны қысқартылды. Баспасөз хатшысы және әдеп жөніндегі уәкіл лауазымдары енгізілді, 2 кеңесші мен орталықтың 1 вице-президенті лауазымдары қысқартылды, сондай-ақ орталықтың штаты қысқарды.

 

Комплаенс-офицер лауазымы енгізілді, жұмысының мақсаты – мүдделер шиеленісін реттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзуға байланысты ықтимал тәуекелдердің, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Конкурстың барлық кезеңдерінің барынша ашық өтуіне қол жеткізу және объективті шешім қабылдау мақсатында бос лауазым орындарына жаңа қызметкерлерді қабылдауды цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

 

«Біз енгізіп жатқан өзгерістер, ең алдымен «Болашақ» стипендиясын тағайындаудың ашықтығын арттыруға бағытталған. Біз осы күнге дейін болған барлық ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойдық. Біз, еліміздегі тек үздіктердің үздігі ғана халықаралық президенттік стипендия бойынша білім алса екен дейміз», - деп хабарлады «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова.

 

Жаңа қағидалар ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілгеннен кейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ www.bolashak.gov.kz ресми сайтында жарияланады.

 

Айта кетейік, «Болашақ» халықаралық стипендиясы ҚР Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен бекітілген. 26 жыл ішінде бұл бағдарлама арқылы 10738 маман даярланды, қазіргі уақытта 7226 түлек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындады, 3331 түлек еңбекпен өтеу мониторингінде.

Please reload

© 1999-2020  Редакция республиканского журнала "Современное образование"

Образование в Казахстане Журнал "Современное образование» Новости Образование Вузы wwww.obrazovanie.kz

МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon