главная

Педагогтерді артық жұмысқа тартуға қатысты арызды тексеруге кімдердің құзыреті бар

May 11, 2020

 

Педагогтерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тартқандар 120 АЕК-ке дейін айппұл төлейді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Педагогтерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, ҚР БҒМ Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің аумақтық департаменттері ҚСжАЕК органдарында жоспардан тыс тексеруді тіркейді. Тексеруді ұйымға барып немесе қашықтан жүргізеді», - деді министр желідегі парақшасында.

 

Асхат Аймағанбетовтың айтуынша, құқық бұзушылық фактісін дәлелдейтін материалдарға мыналар кіреді:

–​педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартылғанын растайтын фото және бейнежазбалар, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе басқа да материалдар;

 

–​жазбаша тапсырмалар немесе олардың көшірмелері, бұйрықтардың көшірмелері, есеп беру нысандарының көшірмелері мен педагогтен білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептіліктің немесе ақпараттың талап етілуін растайтын басқа да материалдар;

 

–​Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерудің жүргізілгенін растайтын фото немесе бейнежазбалары, күні, тексеруші тұлғалардың аты-жөні, тексерудің мәні және басқа да материалдар;

 

–​тауардың немесе көрсетілетін қызметтің фото немесе бейнежазбасы, сондай-ақ, сатып алу рәсімдері, чектері, тауарлық шоттар, шот-фактуралар, түбіртектер мен басқа да материалдар;

 

– мектеп ұйымдастырмаған​іс-шараларға қатысқанын растайтын фото немесе бейнежазба, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе педагогтің іс-шараларға жіберілгенін растайтын басқа да материалдар бұзушылық жасау фактісін дәлелдейді.

 

«Егер алғаш рет бұзушылық жасаған адам кінәсін мойындаса, Комитет және оның аумақтық органы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмайды, бірақ кінәлі адамға ескерту жасау туралы қаулы шығарады. Бұзушылыққа қайта жол берген адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады және әкімшілік айыппұл салынады. Оның көлемі 20-дан 120 АЕК-ке дейін», - деп толықтырды министр.

 

Айта кетсек, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов педагогтердің шамадан тыс есеп беру мәселесін түбегейлі шешуді егжей-тегжейлі түсіндірген болатын.

Please reload

© 1999-2020  Редакция республиканского журнала "Современное образование"

МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon